Енді цифрлық құжаттарды Halyk Bank-те пайдалануға болады

Жариялау күні: 2021 жылғы 15 маусым

eGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисінің арқасында Halyk Bank клиенттеріне банк бөлімшелерінде қаржылық қызметтерді алу үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Мұндай мүмкіндікті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ы Халық банкімен бірлесіп іске асырды.

Енді клиентке eGov mobile-да алынған цифрлық жеке куәліктің бірегей кодын жазу жеткілікті болады. Банк менеджері өзінің базасына бірегей кодты енгізеді және жүйе клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты автоматты түрде жүктейді. Клиентті сәйкестендіру механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалар тарапынан ықтимал алаяқтық әрекеттерді болдырмайды.

Цифрлық куәлікті пайдаланып банк бөлімшесінде қызмет алу үшін:

  • eGov mobile қосымшасында авторизациядан өтіңіз;
  • «Сервистер» бөлімінде «Цифрлық құжаттарды» таңдаңыз;
  • жеке куәлігіңізге басыңыз;
  • құжатқа қолжетімділікті ашып;
  • менеджерге экрандағы алты таңбалы қысқа кодты айтыңыз.

Код автоматты түрде құрастырылады және ешқашан қайталанбайды.

Қазіргі уақытта Цифрлық құжаттар сервисінде 15 құжат ұсынылған: ҚР азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, техпаспорт, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, диплом, зейнеткер куәлігі, қандас куәлігі, студенттік билет, ПТР-тест нәтижелері, вакцинация паспорты және әлеуметтік ID.

Сондай-ақ, қазақстандықтар цифрлық құжаттарды пайдалана отырып, Kaspi.kz және нотариустар қызметін ала алады.

Сонымен қатар, цифрлық құжаттардың көмегімен ХҚКО-да мемлекеттік қызметтерді алуға, жеке куәлігін көрсетіп, әуежайда тіркеуден өтуге және теміржол вокзалында пойызға отырғызу кезінде көрсетуге болады.