Мемлекеттен алынған тұрғын үйді жекешелендіру
Мемлекеттік немесе қызметтік тұрғын үйді алу ұзақ уақытты алуы мүмкін, алайда жылжымайтын мүлікті жекешелендірудің ерекше мүмкіндігін береді. Аталмыш мақалада сіз әкімдіктен алынған тұрғын үйді жекешелендіру тәртібін және осы мәселелермен байланысты рұқсатты білесіз. Мемлекеттік тұрғын үйді алу тәртібі туралы сіз осы жерден біле аласыз.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 2-бабының 31-тармағына сәйкес тұрғын үйді жекешелендіру - мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлердегі олар тұратын тұрғын бөлмелерді азаматтардың меншікке сатып алуы.
Басқаша айтқанда, жекешелендіру – бұл мемлекеттік немесе қызметтік пәтерлерді жеке меншікке сатып алу.
Мемлекеттік тұрғын үйді кім жекешелендіре алады?
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушы отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйді осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.
Егер сіз тұрғын үйді алсаңыз және мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымның қызметкері, әскери қызметкер, ғарышкер (ғарышкерлікке үміткерлер) немесе мемлекеттік сайлау лауазымын атқаратын болып табылсаңыз, онда қалдық құны бойынша тұрғын үйді жекешелендіре аласыз.
Егер бюджеттік ұйымдарда немесе кәсіпорындарда мемлекеттік қызметте он жылдан кем емес жұмыс істесеңіз, сондай-ақ еңбек қатынастары төмендегі негіздер бойынша тоқтатылса жұмыс мерзіміне қарамастан сіз тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие боласыз (Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларының 3-тармағы бойынша):
- ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
- одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
- зейнеткерлікке шығуына байланысты
Ғарышкерлікке үміткерлер, ғарыш қызметі саласында он бес жылдан артық жұмыс өтілі бар үміткерлер тұрғын үйді ақысыз жекешелендіреді.
Қызметтікке теңестірілген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болғанның (қаза болғанның) жұмыс істеген уақытына қарамастан отбасы мүшелеріне ауысады.
Егер қызметтік тұрғын үй сізге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушы ретінде берілсе, онда оны қалдық құны бойынша қызметтік тұрғын үйде бес жылдан кем емес уақыт тұрғанда жекешелендіруге болады.
Егер сіз 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күнтізбелік есептеуде он жыл және одан да артық әскери қызметте тұрсаңыз, онда қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылысыз. Ал егер осы күні сіздің шотыңызда он бес жылдан артық қызмет болса, онда әскери қызметтің күнтізбелік есептеуіндегі жиырма жыл әскери қызметтен кейін қызметтік тұрғын үйді ақысыз жекешелендіру құқығына ие боласыз. (Осы сілтеме бойынша сіз әскери қызметкерлерге арналған барлық жеңілдіктер туралы біле аласыз).
Тұрғын үйді кім тегін жекешелендіре алады?
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне. Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қайтыс болған жағдайда оны ақысыз алу құқығы оның отбасы мүшелеріне ауысады (жеңілдіктердің болуы туралы анықтаманы алу)*;
- 1 және 1 топ мүгедектері (ҚР барлық жәрдемақылар және төлемдер туралы білу);
- Чернобыль атом электрстанциясындағы апат, басқа радиациялық апаттар және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі апаттар салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар және оқуларға тікелей қатысқан тұлғалар (аталмыш топқа тиістілігі туралы анықтаманы алу)*;
- Семей сынақ ядролық полигонындағы ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
- бұрынғы Кеңес Социалистік Республикасын қорғауда алған, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындаудағы жаралану, жарақаттану, мертігу салдарынан, сондай-ақ әскери әрекеттер болған Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде әскери қызметтен өтумен байланысты ауру салдарынан мүгедек болған әскери қызметкерлер;
- Арал маңындағы экологиялық апат салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
- жиырма жыл және одан да артық күнтізбелік есептеудегі еңбегі бар арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери қызметкерлер;
- ғарышкерлікке үміткерлер, ғарышкерлер. Ғарышкерлікке үміткердің, ғарышкердің қайтыс болуы (қаза) болуы жағдайында оны ақысыз алу құқығы қайтыс болғанның (қаза болғанның) мұрагеріне ауысады.
*Ескерту. Жеңілдіктердің болуы туралы анықтаманы (Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, Чернобыль АЭС апатын жоюшыларға, жауынгер-интернационалистерге) онлайн алуға болады, ЭЦҚ керек емес. Сіз туысқандарыңызға көмектесе аласыз, себебі анықтаманы тек өзіңізге ғана емес, сонымен қатар туысқанызға да ала аласыз.
Қандай тұрғын үйді жекешелендіруге болмайды?
- жалға берудің жекелеген шарттарына сәйкес бірнеше жалдаушыға жалға берілетін тұрғын үй, олардың біреуі сатып алуды жүзеге асыруға келіспеген жағдайда;
- сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ретінде берілетін;
- уақытша құрылыстарда;
- белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін;
- одан әрі тұруға жарамсыз болуына байланысты тұрғын емес үй-жайларға қайта жабдықталуға жататын;
- әскери қалашықтар, шекара заставалары және өзге де жабық объектілер аумағындағы;
- ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан;
- бұзылуға жататын;
- жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген;
- мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқару кезеңіне ротациялау тәртібімен лауазымға тағайындалған ведомстволық тұрғын үй қорынан берілген;
- "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан берілген.
- Сондай-ақ еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген төсек үлгісіндегі, сондай-ақ бөлме үлгісіндегі тұрғын үй-жайлар жекешелендіруге жатпайды.
ҚР азаматтары мемлекеттік тұрғын үй қорынан ҚР аумағындағы тек бір тұрғын үйді ғана жекешелендіруге құқылы.
Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру бойынша мәселелерді кім шешеді?
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларының 12-бабына сәйкес тұрғын үйді жекешелендіру туралы мәселелерді шешуді қабылдайды:
- коммуналдық тұрғын үй қорынан – жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй комиссиялары;
- мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан – мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй комиссиялары;
- мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан – мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй комиссиялары.
Тұрғын үй комиссиясы – бұл әкімдіктер, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер жанынан құрылатын алқалық орган және тұрғын үй мәселелері бойынша шешімдерді шығаруға уәкілетті. Тұрғын үй комиссиясы тұрақты негізде әрекет етеді.
Тұрғын үй комиссиясы кем дегенде бес адамнан тұрады (комиссия мүшелерінің тақ саны міндетті) және оның құрамына кәсіпорын басшысы (орталық мемлекеттік органдарды қоспағанда), жауапты хатшы, заң, қаржы, кадр қызметтерінің басшылары (бар болса) және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кіреді.
Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйге үміткерлердің өтініштерін қарастырады, ұсынылған құжаттардың толықтығын, нақтылығын ұсынады, өтінішті қанағаттандыру немесе бас тарту туралы шешімді қабылдайды. Жалға алу жағдайында тұрғын үй үшін төлем мөлшерін анықтайды, қызметтік немесе мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру жағдайында қызметтік немесе мемлекеттік тұрғын үйдің жекешелендіру жағдайында тұрғын үй комиссиясы шартты жасау туралы мәселелерді қарастырады (оның қалай болатынын біліңіз) және төлем шотын ұсынады. Сондай-ақ тұрғын үй комиссиясы ұсынылған ақпарат бойынша мемлекеттік органдарға сұраныстарды орындайды, есептеулерді жүргізеді және материалдардың сақталуына және мәліметтерге және басқаларына жауап береді.
Тұрғын үйді жекешелендіру үшін қандай құжаттар керек?
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 12-тармағына сәйкес тұрғын үй комиссиясының қарауына тұрғын үйді жекешелендіру тәртібінде меншікке сатып алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
- жалға алушы отбасының кәмелетке толған барлық мүшелері ЭЦҚ-мен қол қойған электрондық құжат нысанындағы тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш.
- некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктің электрондық көшірмесі (ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған жағдайда қажеттілігіне қарай);
- жалдау (жалға алу) шартының немесе тұрғын үйге ордердің электрондық көшірмесі;
- басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп таныған жағдайда, соңғысына оларды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің электрондық көшірмесі ұсынылады.
- халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар қосымша көрсетілетін қызметті алушының (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесін ұсынады;
- мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, судьялар және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатына жататын азаматтар жұмыс (қызмет) орнынан анықтаманың электрондық көшірмесін не қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін ұсынады;
- тұрғын үйді жалдау шарты бойынша берешектің жоқтығын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі;
- Қағиданың 7-тармағына сәйкес жекешелендіру жағдайында – мемлекеттік тұрғын үй қорынан меншікке өтеусіз алуға құқығы бар азаматтар санатына жататынын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.
- Жеке басын куәландыратын құжаттардың, некеге тұру немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы куәліктің (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы анықтамалардың, мекенжай анықтамаларының, басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің, көрсетілетін қызметті алушының немесе оның отбасы мүшелерінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың мәліметтері көрсетілетін қызмет берушіге тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту қағидаларындағы осы тізімде қарастырылмаған қосымша құжаттарды сұратуға тыйым салынады.
Мемлекеттен алынған тұрғын үйді жекешелендіру процесі қалай өтеді?
- Қажетті құжаттармен өтініш беру.
- Тұрғын үй комиссиясының өтінішін қарастыру, құжаттарды және олардың түпнұсқалылығын және толықтығын тексеру, шешім шығару.
- Қалдық құнын төлеу немесе егер ақысыз болса қажетті құжаттарды рәсімдеу (жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу).
Cоңғы өзгеріс: 06.11.2020