«Жас ұлан» Республикалық мектебіне қалай түсуге болады?

123_0.jpg

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Жас ұлан» республикалық мектептері

ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына төрт «Жас ұлан» республикалық мектептері кіреді:

1) Генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі, Нұр-Сұлтан қаласы;

2) Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебі;

3) Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Я. Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебі;

4) Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебі.

ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі № 789 Қаулысымен Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарамағынан ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілді және атауы ҚР ҚМ «Жас ұлан» республикалық мектептері болып өзгертілді.

Армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі (Нұр-Сұлтан қаласы)

Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі 1999 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен құрылған. Мектепті құру еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың идеясы. Мектепке Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың аты берілген.

Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы «Жас ұлан» республикалық мектебі

Алматы республикалық әскери мектеп-интернаты 1983 жылы құрылған. Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 26 наурыздағы № 189 Қаулысымен мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының аты берілді.

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Я. Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебі

Қарағанды Республикалық әскери мектеп-интернаты Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1984 жылғы 27 маусымдағы № 278-20 шешімімен құрылған.

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1992 жылғы 4 тамыздағы № 653 шешімімен Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатына Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Я. Бигелдиновтың аты берілді.

Сабыр Рахимов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебі

Шымкент республикалық әскери мектеп-интернаты КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің 1983 жылғы 26 мамырдағы № 473 Қаулысымен, КСРО Қорғаныс министрінің 1984 жылғы 29 мамырдағы № 108/3 бұйрығымен құрылған.

ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 30 мамырдағы № 497 Қаулысымен мектепке Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахимовтың аты берілді.

 

«Жас ұлан» республикалық мектептері мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери пәндерді тереңдетіп оқытуға және күшейтілген дене шынықтыру даярлығына арналған жалпы орта білім беретін оқу орны болып табылады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент ққ. «Жас ұлан» республикалық мектептерінде 10-11 сыныптың 1700-ге жуық тәрбиеленушілері білім алуда.

Мектептің күнделікті тыныс-тіршілігі тәрбиеленуші деп аталатын оқушылардың тәулік бойы орналастырылуымен интернаттық жүйеде ұйымдастырылған және белгіленген нормаға сәйкес бюджеттік қаражат есебінен толық қамтамасыз етіледі.

«Жас ұлан» РМ негізгі міндеттері:

1. Әскери оқу орындарында оқыту үшін тәрбиеленушілердің жалпы орта білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасау;

2. Ұлттық және жалпы адами қасиеттер негізінде тұлғаның қалыптасуына, дамуына және кәсіби қалыптасуына, ғылым мен практиканың жетістіктеріне бағытталған мемлекеттік және шетел тілдерін, әскери даярлықты, сондай-ақ күшейтілген дене даярлығын тереңдете оқыту;

3. Қазақстандық патриотизмге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу;

4. Тәрбиеленушілерде жоғары адамгершілік, моральді-еріктік және психологиялық қасиеттерді дарыту;

5. Тәрбиеленушілерді әскери оқу орындарында оқытуға даярлау мақсатында әскери-кәсіптік бейімдеу.

«Жас ұлан» республикалық мектептері «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен орта білім беру мазмұны саласындағы озық тәжірибені тарату, мұғалімдердің кәсіби дамуының оқу-тәрбие процесіне оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістемелерін енгізу, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жаңа тәсілдерге, әдістемелерге және инновацияларға оқыту аясында тығыз ынтымақтасады.

Тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыту, олардың дене шынықтыру дайындығы мен моральдық-психологиялық қасиеттерін арттыру мақсатында жыл сайын "Жас ұлан" республикалық мектептері мен мамандандырылған лицейлердің тәрбиеленушілері арасында әскери-спорттық ойындар өткізіледі. "Жас ұлан" республикалық мектебінің КТК құрама командалары Қазақстан Республикасының орта оқу орындары арасында республикалық (облыстық) жарыстарға белсене қатысады.

«Жас ұлан» республикалық мектебіне қалай түсуге болады

«Жас ұлан» республикалық мектептеріне (бұдан әрі – Мектеп) оқуға түсетін жылы он бес жастан жас емес, бірақ он алты жастан аспаған, оқуға түсетін жылы орта білім беретін ұйымның 9 (10) сыныбын аяқтаған және негізгі орта білімі туралы куәлік алған Қазақстан Республикасының жасөспірім азаматтары қабылданады.

Денсаулық жағдайы бойынша оқуға жарамды оқуға түсушілер қабылдау жылын қоса алғанда 1 – 5 тамыз кезеңінде Мектепке ата-аналарымен (қамқоршыларымен, заңды өкілдерімен) келеді және осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды қоса тіркеумен мектепке қабылдау туралы өтініш береді.

Қабылдау комиссиясына толық құжаттар тізбесін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.

Мектепке қабылдау 6 – 20 тамыз аралығында 5 (бес) кезең бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады:

І кезең – кәсіби-психологиялық іріктеу;

ІІ кезең – негізгі орта білім бағдарламасы бойынша математика және оқыған тілі бойынша тестілеу;

III кезең – «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы Ережені және әскери-дәрігерлік сараптаманы өткізу Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 373 бұйрығына (әрі қарай – Әскери-дәрігерлік сараптаманы өткізу қағидалары) сәйкес қорытынды медициналық куәландыру;

IV кезең «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен (әрі қарай – Үлгілік бағдарламалар) айқындалған нормативтер бойынша дене дайындығын тексеру;

V кезең – конкурстық іріктеу және оқуға қабылдау.

Оқуға түсушілерге қабылдаудың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.

Оқуға түсушілерді кәсіби-психологиялық іріктеу ынталылык, күйзеліске төзімділік, сыни тұрғыдан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды және оны қабылдау комиссиясы құрылымдық бөлімшемен келісу бойынша Мектептің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімімен бірлесіп жүргізеді. Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады.

Математика және оқыту тілі бойынша тестілеу оқуға түсушілердің білім деңгейін анықтау мақсатында жүргізіледі.

Математика және оқыту тілі бойынша тестілеу сұрақтары Үлгілік бағдарламаларда қарастырылған негізгі орта білім бағдарламасын есепке ала отырып құрастырылады және әрқайсысы 20 сұрақты құрайды. Тестілеу сұрақтарында 1 сұрақ 1 баллға теңестіріледі.

Келесі кезеңге өту әр пән бойынша кемінде 5 балл болып табылады.

Оқуға түсушілерді қорытынды медициналық куәландыру олардың денсаулық жағдайлары бойынша Мектепте оқуға жарамдылығын анықтау мақсатында жүргізіледі.

Оқуға түсушілердің дене дайындығын тексеру Типтік бағдарламаларға сәйкес негізгі орта білім беру үшін көзделген дене шынықтыру бойынша нормативтерді қабылдауды қамтиды. Барлық жаттығулардан баға жиыны бойынша 9 балдан төмен жинаған оқуға түсушілер кезеңнен өтпеген болып саналады, бұл ретте «қанағаттанарлықсыз» деген баға баллдарды есептеу кезінде есепке алынбайды.

р/с

Бақылау жаттығулары

Қорытындылар

«5»

«4»

«3»

1.

60 м жүгіру (с)

8,4

9,2

10,0

2.

2000 м жүгіру (мин, с)

9,20

10,00

11,00

3.

Жоғары белтемірде тартылу (саны)

10

8

7

 

Конкурстық іріктеу ең жоғарыдан ең төменгі рейтингілік балға дейін оқуға түсушілердің рейтингісін жасауды қамтиды және оны қабылдау комиссиясы қабылдау жылының 20 тамызында жүргізеді.

Мектепке рейтингіде бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындар санына сәйкес келетін нөмірге дейін тұрған оқуға түсушілер қабылданады. Қабылдау жоспарын жалпы саннан 10 %-ға дейін асыруға жол беріледі.

Әскери қызметшілердің балалары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 52-бабының 3-тармағында көзделген  шарттар бар болған кезде Мектепке конкурстан тыс қабылдау құқығын пайдаланады.

«Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, "Жас ұлан" республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады».

Қабылдау комиссиясының шешімі қабылдау жылының
21 тамызында сағат 10.00-ге дейін жарияланады және Мектептің интернет ресурсында орналастырылады, апелляцияға өтініштер 21 тамызда сағат 18.00-ге дейін қабылданады.

Қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау туралы шешімін қабылдау жылының 22 тамызында Мектеп бастығының бұйрығымен бекітіледі.

Мектепке оқуға түскендер оқу үшін қабылдау жылының 29 тамызына дейін келеді.

 «Жас ұлан» республикалық мектептеріне оқуға түсуші азаматтар мектепке қабылдау туралы өтінішпен бірге келесі құжаттарды тапсырады:

Оқуға түсушінің ата-анасының немесе оларды алмастырушы тұлғаның өтініші (өтініште оқуға түсушінің тегі, аты және әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты жерінің мекенжайы, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің байланыс деректері көрсетіледі).

Оқуға түсушінің өтініші.

Туу туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі).

Негізгі орта білімі туралы куәлік (түпнұсқасы және көшірмесі).

Көлемі 3х4 см 4 дана фотосурет.

Ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жеке куәліктерінің көшірмесі.

Медициналық құжаттар және медициналық зерттеулер нәтижелері:

1)   психоневрологиялық, наркологиялық (наркотестілеудің қорытындысымен), туберкулезге қарсы және тері-венерологиялық диспансерлерден (кабинеттерден) – олардың есепте тұру жағдайлары бойынша мәлімет (анықтама);

2)   басқа медициналық ұйымдардан:

созылмалы аурулар және соңғы он екі ай ішінде жұқпалы және паразиттік аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған жай-күйі туралы мәліметтер;

медициналық анықтама (№ 086/у үлгі), амбулаториялық пациенттің медициналық картасы (№ 025/у үлгі), профилактикалық егулер картасы (№ 063/у үлгі), амбулаторлық, стационарлық аурудың медициналық картасынан үзінді (№ 027/у үлгі);

азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да медициналық құжаттар, рентгенограммалар, арнайы зерттеу әдістерінің хаттамалары; 

3)   медициналық куәландырудың басталуынан отыз күнтізбелік күннен ерте емес өткізілген медициналық зерттеулердің нәтижелері:

жалпы қан талдауы;

мерезге микропреципитация реакциялары (микрореакция);

жалпы несеп талдауы;

тыныштық жағдайындағы (жүктемеден кейінгі – көрсеткіштер бойынша) ЭКГ;

медициналық куәландыру күніне 3 айдан ерте емес жасалған кеуде қуысы азғаларын тура және оң жақ бүйірлік проекциялардағы рентген үлдіріне түсірілген флюорографиялық зерттеу;

эхокардиография.

Білім беру мекемесінің директорынан мөрі бар ұсыным хат.

Спорттық разрядты, ағымдағы жылғы орындаушылардың республикалық не халықаралық жарыстардағы, конкурстардағы, жалпы білім беру пәндері бойынша халықаралық олимпиададағы, сондай-ақ ағымдағы жылғы жалпы білім беру пәндері бойынша Президенттік не республикалық олимпиададағы жүлделі орнын растайтын құжат (бар болған кезде).

Жетім балалар және олардың ата-анасы құқықтарының шектелуіне немесе одан айырылуына, ата-анасының хабар-ошарсыз кеткен деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп танылуына байланысты, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған өзге де жағдайларда жалғыз немесе ата-анасының екеуінің қамқорлығынсыз қалған балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған фактісін растайтын құжаттардың (Ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік, сот шешімі (ата-анасын ата-анасының құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы, ата-анасының хабар-ошарсыз кеткен деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (шектеулі әрекетке қабілетті) деп тану туралы) бірінің түпнұсқасын және оның көшірмесін, науқастану туралы анықтаманы, ата-анасының іздестіруде екені туралы анықтаманы) қосымша ұсынады.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияларда есепте тұрмағаны туралы анықтама.

Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органынан анықтама ұсынады.

Жұмыс істеп жүрген әскери қызметшілердің балалары мекеменің кадр органынан анықтама (әскери қызметтегі еңбек сіңірген жылдарын көрсете отырып) ұсынады.

Запастағы немесе отставкадағы әскери қызметшілердің балалары тұрғылықты жері бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменттен (басқармадан) анықтама ұсынады.

Қағаз тезтікпе – 1 дана.

Файл – 5 дана.

Фотосуретке арналған конверт – 1 дана.

Байланыс:

Мекенжайы: 010000, Нұр-Сұлтан қ., Сол жағалау, Қорғалжын тас жолы 16/1 үй, анықтама үшін телефондар: Мектеп бойынша кезекші: +7(7172)47-40-97, Факс: +7(7172)47-40-96;

Мекенжайы: 050042, Алматы қ., Пятницкий көшесі 100 үй, анықтама үшін телефондар: Мектеп бойынша кезекші: +7(727)309-73-53, Факс: +7(727)309-73-65;

Мекенжайы: 160009, Шымкент қ., Ш.Қалдаяқов көшесі 3 үй, анықтама үшін телефондар: Мектеп бойынша кезекші: +7(7252)56-33-72, Факс: +7(7252)56-32-45;

Мекенжайы: 100027, Қарағанды қ., Ғ.Мұстафин көшесі 10 үй, анықтама үшін телефондар: Мектеп бойынша кезекші: +7(7212)56-93-92, Факс: +7(7212)56-11-61.

Cоңғы өзгеріс: 08.07.2020