Сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болған жағдайда не істеу керек

сыбайлас жемқорлық

Сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болған жағдайда не істеу керек

Егер сіз мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болсаңыз немесе заңсыз сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарының еріксіз куәгері болсаңыз, онда сізге Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке) мынадай тәсілдердің бірімен жүгіну қажет:

  1. Пошталық мекенжайы бойынша жазбаша: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сейфуллин көшесі, 37 үй, немесе тұрғылықты жер бойынша аумақтық департаменттерге;
  2. Egov.kz электрондық үкімет порталының онлайн-сервисі арқылы (электрондық цифрлық қолтаңбаның – ЭЦҚ болуы талап етіледі);
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Сall-орталығы арқылы тегін 1424 нөмірі бойынша хабарласу қажет.

 

Сыбайлас жемқорлық туралы өтініштер қалай қаралады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өтініш келіп түскен кезде, ол ведомстволық ақпараттық жүйеде тіркеледі, содан кейін қызметтің басшылығы мен қызметкерлері қарайды.

Егер өтініш қылмыстық деп танылса, онда ол ақпаратты есепке алу кітабында (АЕАК) тіркеледі және одан әрі мынадай іс-әрекеттердің бірі жүзеге асырылады:

  1. Өтініштерді аумақтылығы және ведомствоға бағыныстылығы бойынша жіберу;
  2. Өтініштерді соттылығы бойынша не тиісті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жолдау;
  3. Тіркеу және сотқа дейінгі тергеуді жүргізу;
  4. Қарамай қалдыру және номенклатуралық іске есептен шығару (қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы немесе құрамы болмаған жағдайда).

Егер өтініш қылмыстық сипатта болмаса:

  • Азаматтық-құқықтық сипаттағы өтініштер бойынша өтініш берушіге жазбаша түсіндірмелер беріледі;
  • Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын әрекетіне немесе әрекетсіздігіне жасалған шағымдар прокуратураға жіберіледі.

Әрбір жағдайда, өтініш беруші қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етіледі. 

1424 Call-орталық арқылы жүгіну

1424 Саll-орталық азаматтарға мынадай мәселелер бойынша кеңес береді:

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;
  • сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін тұлғаларды көтермелеу;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретіне кіретін өзге де мәселелер.

Хабарламаларды қабылдау:

  • сыбайлас жемқорлық фактілері туралы, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері (әрекетсіздіктері) туралы;
  • мемлекеттік қызметшілер тарапынан кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау мәселелеріне қатысты;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іздеудегі адамдар бойынша мәліметтері туралы;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысына қатысты (пікірлер, ұсыныстар).

1424 Call-орталығының жұмыс кестесі

Бірыңғай байланыс орталық күн сайын тәулік бойы жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы көрінеу жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 439-бабына сәйкес:

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін органға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау – жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Осы іс-әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, жеке тұлғаларға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адам мемлекет қорғауында болады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ынталандырылады.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына сәйкес (ҚР Үкіметінің 30.12.2015 ж. № 1131 қаулысымен бекітілген), біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді:

  1. сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;
  2. онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;
  3. ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;
  4. ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;
  5. аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК;
  6. пара және залал сомасы мың АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара не келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының 10%-ын құрайды, бірақ төрт мың АЕК-тен аспайды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлаған, адамдарға көтермелеу қолданылмайды.

Өтініштерді қабылдау тәртібі

Жеке тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздары ауызша және жазбаша немесе электрондық құжат нысанында болуы мүмкін.

Жазбаша өтінішке немесе электрондық құжат нысанындағы өтінішке өтініш беруші туралы мәліметтерді көрсете отырып, беріп отырған тұлғаның өзі қол қоюға тиіс.

Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арыз оны қабылдаудың жеке хаттамасына енгізіледі, онда өтініш беруші, оның тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы, сондай-ақ оның жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтер болуға тиіс. Хаттамаға өтініш беруші мен өтінішті қабылдаған лауазымды тұлға қол қояды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде немесе сот талқылауы барысында жасалған ауызша арыз тергеу әрекетінің тиісті хаттамасына немесе сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

Қылмыстық құқық бұзушылық туралы мемлекеттік органның лауазымды адамының хабарламасы және заңды тұлғаның өтінішін растайтын құжаттар мен материалдарды қоса бере отырып, жазбаша түрде беріледі.

Мемлекеттік органның лауазымды адамын қоспағанда, өтініш берушіге көрінеу жалған ақпарат жеткізгені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертіледі, бұл туралы арызда немесе хаттамада белгі жасалады, ол өтініш берушінің қолымен куәландырылады.

Қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болмаған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтау үшін уәкілетті органдарға тексерулер мен тексерулер жүргізуді талап ететін арыздар мен хабарламалар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркеусіз үш тәулік ішінде уәкілетті мемлекеттік органдарға қарау үшін жіберіледі.

Қылмыстық құқық бұзушылық туралы жасырын хабарлама сотқа дейінгі тергеуді бастау үшін себеп бола алмайды.

Cоңғы өзгеріс: 22.12.2021