"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" ҚР Заңына сәйкес адвокаттарда көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілері болуы мүмкін.
Адвокаттың көмекшілері адвокаттың нұсқауы бойынша және жауапкершілігіне оның тапсырмаларын орындауға құқылы.
Заңда белгіленген талаптарға сай келетін және тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам оны тағылымдамадан өтуге жіберу туралы өтінішпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгінуге құқылы. Олардың тізбесі уәкілетті органмен келісім бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеде белгіленеді.
Өтінішті қарағаннан кейін адвокаттар алқасының төралқасы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
- тағылымдамадан өтуге жіберу туралы;
- тағылымдамадан өтуге жіберуден бас тарту туралы.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш бойынша шешім бес жұмыс күні ішінде қабылдануға тиіс. Заңның талаптарына сәйкес тағылымдамадан өту жетекшісі болып кемінде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокат міндетті түрде тағайындалуы тиіс. Тағылымдамадан өтушілер алты айдан бір жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өтеді. Адвокаттың көмекшісі мен тағылымдамадан өтушісі адвокаттық қызметпен өз бетінше айналысуға құқылы емес.
Тағылымдама нәтижелері бойынша тағылымдамадан өтушінің басшысы қорытынды жасайды және бекіту үшін адвокаттар алқасының төралқасына береді. Қарастыру нәтижелері бойынша төралқа тағылымдамадан табысты өту туралы қорытынды беру туралы не осындай қорытынды беруден бас тарту туралы дәлелді қаулы шығаруға міндетті. Тағылымдамадан табысты өту туралы қорытынды оны адвокаттар алқасының төралқасы бекіткен күннен бастап үш жыл бойы жарамды. Тағылымдамадан өту туралы қорытындыны бекітуден бас тарту туралы шешім дәлелді болуға тиіс. Бас тарту туралы қорытындыға Республикалық адвокаттар алқасында немесе сотта шағым жасауға болады.
Төралқа Төрағасы өтінішті қанағаттандырған кезде адвокаттар алқасының атынан тағылымдамадан өтушімен шарт жасасады. Шарттың нысанын адвокаттар алқасының төралқасы бекітеді. Шартта тағылымдамадан өтушінің де, тағылымдама жетекшісінің де және адвокаттар алқасы төралқасының да құқықтары мен міндеттері міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Тағылымдама аяқталғаннан кейін тағылымдамадан өтуші басшысының ұсынысы және тағылымдамадан өту туралы материалдар адвокаттар алқасы төралқасының отырысында қаралуға тиіс. Қарастыру нәтижелері бойынша төралқа тағылымдамадан табысты өту туралы қорытынды беру туралы не осындай қорытынды беруден бас тарту туралы дәлелді қаулы шығаруға міндетті.
Оң қорытынды беру үшін міндетті критерий дербес адвокаттық қызметке қажетті дайындық және дағдыларды игеру дәрежесі болып табылады.
Бұл ретте адвокаттар алқасының төралқасы тағылымдамадан өтушінің даярлығын бағалау әдісін дербес шешеді: жазбаша немесе ауызша емтихан немесе компьютерлік тестілеу өткізу жолымен жүргізіледі.
Тағылымдамадан өту туралы шартты бұзу туралы мәселе міндетті түрде адвокаттар алқасы төралқасының отырысында қаралуға тиіс. Тағылымдамадан өту туралы шартты бұзу негіздері уәкілетті органмен келісу бойынша Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейтін және бекітетін Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы Ережеде белгіленеді.