БҰҰ өкілі eGov порталының және eGov mobile мобильдік қосымшасының жұмысын бағалады

Жариялау күні: 2022 жылғы 12 сәуір

Бүгін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басшылығының БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің Цифрлық үкімет басшысы Винченцо Акуаро мырзамен кездесуі өтті.

Кездесу барысында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма Төрағасы Ростислав Коняшкин egov mobile мобильдік қосымшасының жаңа жаңартулары, екінші деңгейдегі банктерге ұсынылған мемлекеттік қызметтер, пандемия кезіндегі eGov.kz және Ashyq порталдарының жұмысы, барлық мемлекеттік органдардың интернет-ресурсы gov.kz туралы айтып берді. Ростислав Коняшкин әр жобамен шынайы уақыт режимінде таныстырып, қонақтың сұрақтарына жауап берді.

Винченцо мырзаны әсіресе, ел халқының барлық топтарының мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуі және биометрияны пайдалану кезінде азаматтар деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше қызықтырды.

Кездесуді қорытындылай келе, Винченцо Акуаро әлемнің түрлі елдерінде көптеген дұрыс бастамалар ұсынылып жатқанын, дегенмен жыл сайын Қазақстанға келген кезде азаматтардың шынайы өмірінде аталмыш жобалардың қалай жүзеге асып жатқанын көретінін атап өтті. БҰҰ өкілі Қазақстандағы әлемнің басқа елдеріне таратылуы қажет электрондық үкіметті дамыту саласындағы озық тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ, ол екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында автокөлікті тіркеу сервисінің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті, өйткені Еуропадағы азаматтар дәл осы қызметті алу барысында қиындықтарға тап болады.

Айта кету керек, БҰҰ - ның электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша елдер рейтингі бар («TheUnitedNations E-GovernmentSurvey: E-GovernmentforthePeople»), ол 193 елдің ұлттық мемлекеттік құрылымдарының азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалануға дайындығы мен мүмкіндіктерін бағалайды. Зерттеу әртүрлі елдердегі электрондық үкіметтің даму деңгейі туралы деректерді, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың АКТ-ны пайдалану үрдістерін жүйелі бағалауды қамтиды. БҰҰ электронды үкіметтің дамуы бойынша әлем елдерінің зерттеулері мен рейтингін (E-GovernmentDevelopmentIndex)  2 жылда 1 рет  дәстүрлі түрде шілде айында жариялайды.

Мәселен, 2020 жылы осы рейтингтің қорытындысы бойынша eGov.kz электронды үкімет порталы 29-орынға тұрақтаса, 2018 жылы Қазақстан 39-орында болды.