Қазақстандықтар құжаттардың мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама алатын болады

Жариялау күні: 2020 жылғы 6 қараша

Енді телефон нөмірлері мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтарға жеке куәліктің, паспорттың және жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғаны туралы SMS-хабарлама келетін болады.

Еске салатын және көрсетілетін қызметке сілтемесімен хабарлама мерзімнің аяқталуына бір ай қалғанда мына мәтінмен келеді: «Есіңізге саламыз, жақын арада сіздің жеке куәлігіңіздің (паспорттың, жүргізуші куәлігінің) қолданылу мерзімі аяқталады. Жаңа құжатты алу үшін Сіз үйден шықпай-ақ eGov.kz арқылы өтініш бере аласыз».

«SMS-хабарламалар жіберу арқылы біз проактивті форматта жақын арада құжаттардың мерзімі аяқталатын қазақстандықтарды ескертуді жоспарлап отырмыз, бұл азаматтарға Gov.kz порталы арқылы құжаттарын мерзімі өтпей тұрып тапсырыс беру мүмкіндігін береді. Осылайша біз қазақстандықтарды мерзімі өткен құжаттар үшін айыппұлдардан сақтағымыз келеді», - деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы  Әсет Тұрысов.

SMS-хабарлама алған азаматтар Gov.kz порталында өз құжаттарының әрекет ету мерзімін ұзарта алады.

Жеке куәлік пен паспортты «Паспорт, жеке куәлік алу» қызметін пайдалану арқылы ұзартуға болады. Қолданылу мерзімі өткен жеке басты куәландыратын құжаттарды тек ХҚКО-да ауыстыруға болатынын атап өткен жөн.

Жүргізуші куәлігін құжаттың қолданылу мерзімі өткен, тегі, аты және әкесінің аты өзгерген, жоғалған немесе ұрланған жағдайларда eGov.kz порталында онлайн өтінім беру арқылы қайта шығаруға болады. Ол үшін порталда «Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау қажет.

Сондай-ақ, мобильді азаматтар базасында тіркелген азаматтар 1414-тен туған күніне орай құттықтау мен тілектері бар хабарламалар алатын болады.