Egov мобильдік қосымшасында 30-ға жуық жаңа қызмет пайда болды

Жариялау күні: 2016 жылғы 22 ақпан

Осы жылдың басынан бастап Еgov мобильдік қосымшасы пайдаланушыларына 29 жаңа қызмет пен сервис қолжетімді болды. Олардың ішінде, электронды түрде неке тіркеуге өтініш беру, медициналық мекемеге тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу және борышқорлар реестрі арқылы шет елге шығуға тыйымның бар-жоқтығын тексеру мүмкіншілігі де бар. Жалпы қазақстандықтар өздерінің мобильдік құралдары арқылы 80-нен астам түрлі қызмет пен сервистерді пайдалана алады.

Қолжетімділік мүмкіншілігі де артуда – осы уақытқа дейін мобильдік қосымшаны тек iOS пен Android платформалары негізінде колдану мүмкін болса, ақпан айынан бастап

Windows платформасы негізінде істейтін смартфондар үшін де қолжетімді болды.

Бұдан басқа қосымша енді, міндетті авторизацияны талап етпейді. Қосымшада қонақ ретінде кіру ескерілген, ол арқылы 10 қызметке қол жеткізуге болады. Олардың ішінде ХҚКО кезекті брондау, мобильдік байланыс қызметтерін төлеу және баланың балабақшаға кезек нөмірін бақылау да кіреді.

Сонымен қатар iOS пен Android платформаларында электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы авторизациялану функциясы пайда болды. ЭЦҚ Жеке кабинеттің толық мазмұнын қарауға мүмкіндік береді. Мобильдік  электрондық цифрлық қолтаңбаның мүмкінтерін толыққанды қолдану үшін оны SIM-картаға (ALTEL мен Beeline абоненттері үшін) жазу немесе телефон жадына көшіру қажет.