eGov.kz порталындағы деректер екі факторлы аутентификация арқылы қорғалатын болады

Жариялау күні: 2022 жылғы 11 наурыз

2022 жылғы 14 наурыздан бастап eGov.kz порталының пайдаланушылары үшін логин / құпия сөз және бір реттік СМС код бойынша жеке-жеке кіру қолжетімді болмайды.

EGov.kz порталындағы деректер екі факторлы аутентификация арқылы қорғалатын болады.

Енді eGov.kz порталының пайдаланушылары:

  • логин/ЖСН енгізуі;
  • құпия сөзді енгізуі;
  • ұялы телефон мобильді азаматтар базасында (келесі - МАБ) тіркелген телефон нөміріне жіберілетін бір реттік СМС-кодты енгізу арқылы жазбаны растауы қажет.

Осылайша қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі.

Электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), биометрия және eGov Mobile мобильдік қосымшасының көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы кіру сияқты аутентификация әдістері өзгеріссіз қалады.

eGov.kz порталының қызметтерін пайдалану үшін МАБ-та тіркелген белсенді телефон нөмірі болуы қажет. Нөмір бұғатталған немесе ескірген жағдайда eGov.kz жеке кабинетінде нөмірді сәйкестендіру немесе 1414 байланыс орталығына хабарласу қажет.

2FA немесе екі факторлы аутентификация – жүйеге кірудегі пайдаланушыны сәйкестендіру әдісі, онда аккаунтты иесі екі түрлі жолмен растауы қажет. Осылайша, әртүрлі себептермен пайдаланушы деректерін қолданатын шабуылдаушылар үшін бір уақытта құпия сөзге және телефонға қол жеткізу әлдеқайда қиын.