«Электрондық үкіметтің» порталында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 2 жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды

Жариялау күні: 2021 жылғы 11 тамыз

Енді eGov.kz-те ерекше қажеттіліктері бар адамдар үйде және медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттарды ресімдеуге өтініш бере алады. Бұрын қызмет алу үшін ХҚКО немесе жергілікті атқарушы органға жүгіну қажет болатын.

Қызметтерді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске асырды.

"Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үйден шықпай-ақ онлайн қызмет алуға мүмкіндік беретін қызметтер спектрін кеңейтуге тырысамыз.  Әзірленген өнім мүгедектігі бар адамдарға үйде немесе медициналық-әлеуметтік мекемелерде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге құжаттарды ресімдеуге арналған. Пайдаланушылар қызметке өздеріне, өз баласына немесе қамқорлықтағы балаға тапсырыс бере алады" - деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Құжаттарды ресімдеуге өтінім беру үшін «электрондық үкіметтің» порталында тиісті қызметті таңдау, сұратылған ақпаратты толтыру, құжаттарды бекіту, ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы сұрау салуға қол қою қажет. Сұрау салу сәтті өңделген кезде мемлекеттік органнан жеке кабинетке өтінімнің орындалуы туралы хабарлама келеді. Порталда қызмет көрсету мерзімі үйде күтім көрсету жағдайында көмек алуға тілек білдірген пайдаланушылар үшін 14 жұмыс күнін және егер пайдаланушы медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсетуге өтінім берсе, 17 жұмыс күнін құрайды.