Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы

Актінің түрі
Нормативтік қаулы
Қабылдау күні
15.02.2019
Өзгерту күні
15.02.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелерi А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б. Бекетаевтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Г.В. Кимнің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н. Жаилғанованың,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Н.О. Сисенованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары М.М. Ахметжановтың,

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Д.В. Вагаповтың қатысуымен

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі В.А. Малиновскийдің хабарламасын, отырысқа қатысушылардың, сарапшылар – С.К. Амандықованың және С.Ф. Ударцевтің сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшы – Е.Қ. Көбеевтің қорытындысымен танысып; конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2019 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келiп түстi. Өтініште мынадай сұрақ қойылған:

      "Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып табылады ма?".

      Негізгі Заңның нормаларын өтініш нысанасына қатысты талдап, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.

      1. Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын ең жоғары лауазымды тұлға. Халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретінде Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді (Негізгі Заңның 40-бабы).

      Жалпыға бірдей сайлау арқылы жоғарғы билік берілген халықтың бірден-бір дербестендірілген жоғары өкілі бола отырып, Мемлекет басшысы егемендікті, мемлекеттің тәуелсіздігін қорғау, Республика қызметінің түбегейлі принциптерін өмірге енгізу, Негізгі Заңда бекітілген мақсаттарға қол жеткізу және құндылықтарды іске асыру бойынша шаралар қабылдайды (Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2, 2017 жылғы 9 наурыздағы № 1 нормативтік қаулылары және басқалары).

      Конституцияда Республика Президентіне ешкімнің тиіспеуі, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері және Мемлекет басшысының Қазақстан халқының мүдделері үшін өзіне жүктелген функцияларды үздіксіз және тиісінше жүзеге асыруын қамтамасыз ететін басқа да кепілдіктер бекітілген.

      Конституцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес, Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

      Бұл конституциялық нормада Республика Президентінің өкілеттігін тоқтату, оның ішінде ол сайланған мерзім аяқталғанға дейін тоқтату, жағдайлары (негіздері) көзделген.

      Жалпы алғанда, Конституцияның 42-бабы 3-тармағының мазмұны бойынша Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мемлекетке басшылық етуге халық берген ең жоғары лауазымды тұлға мандатының мерзімінен бұрын жойылуына әкеп соғатын ерекше сипаттағы жекелеген мән-жайлар туындауының салдары болып табылады.

      Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағында айқындалған тәртіппен кезектен тыс президенттік сайлау өткізілген жағдайда жаңадан сайланған Республика Президентінің қызметіне кірісуі Республика Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болып табылады.

      Науқастануына орай өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдай Мемлекет басшысының лауазымнан мерзімінен бұрын босатылуына негіз болады. Бұл Республика Президентінің өкілеттіктерін тиісінше орындауға кедергі келтіретін ағза функцияларының тұрақты және қайтымсыз бұзылуының орын алуын білдіреді. Аталған мән-жайды анықтау рәсімі және осы негіз бойынша президенттік өкілеттіктерді тоқтату тәртібі Конституцияның 47-бабының 1-тармағында бекітілген.

      Республика Президентін қызметінен кетіру тек мемлекетке опасыздық жасағаны анықталған кезде ғана іске асырылады және Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғатын негіз болып есептеледі. Айып тағу, оның тексерілуін ұйымдастыру және түпкілікті шешім қабылдау тәртібі Негізгі Заңның 47-бабының 2-тармағында регламенттелген.

      Адамның қайтыс болуы сияқты мән-жай объективті сипатқа ие және Республика Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың табиғи негізі болып табылады, өйткені бұндайда Конституцияның 13-бабының 1-тармағында көзделген адамның Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі жалпы құқық субъектілігі тоқтатылады.

      Республика Президентін науқастануына байланысты лауазымынан мерзімінен бұрын босату және оны қызметінен кетіру мемлекеттік биліктің бірлігі мен бөлінуі қағидаты, тежемелік әрі тепе-теңдік тетігі шеңберінде оның еркінен тыс ең жоғары лауазымды тұлғаға қолданылатын мәжбүрлі күштеп ықпал ету шаралары болып табылады. Тиісінше, бұл ерекше тетіктерді биліктің басқа тармақтарының теріс пайдалануынан кепілдік ретінде осы екі жағдайда да 47-баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысының болуы көзделген.

      Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының 42-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің толық тізбесі қамтылмаған деп пайымдайды. Атап айтқанда, бұл нормада Мемлекет басшысының өкілеттігін оның жеке ерік білдіруі негізінде, мысалы, жеке және өзге де сипаттағы себептерге байланысты отставкаға шығу нысанында, мерзімінен бұрын тоқтату тікелей көзделмеген және оған тыйым да салынбаған. Аталған негіз осы нормада пайдаланылған "сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған... жағдайда..." деген кең мағынаға ие сөз тіркесінің мазмұнымен қамтылады.

      Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысының жеке негіздер бойынша өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату құқығы (отставкаға шығу құқығы) президенттік басқару нысанының және Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесінің ажырамас элементі болып табылады деп есептейді. Ерік білдіру еркіндігі адам әрі Қазақстан азаматы ретінде Республика Президентіне тән және Конституцияның 13-бабы 1-тармағының, 24-бабы 1-тармағының мазмұнынан және өзге де нормаларынан туындайды. Аталған тұжырымды Кеңес отырысына қатысқан барлық мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қолдады.

      2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және оның негізінде қабылданған заңдарда мемлекеттік органдардың не олардың қызметшілерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың алуан түрлері бекітілген.

      Мәселен, Негізгі Заңның 52-бабының 5-тармағында "Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады" деп белгіленген. Аталған бапта Парламент депутаттары мен Мәжіліс депутаттарының мандатын мерзімінен бұрын тоқтатудың басқа да негіздері айқындалған.

      Конституцияның 58-бабының 2-тармағына сәйкес, Парламент Палаталарының төрағалары қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы.

      Конституцияда Үкімет пен оның мүшелерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын, оның ішінде орнынан түсу нысанында, тоқтату бойынша қатынастар неғұрлым толық реттелген (68-баптың 1-тармағы, 70-бап).

      "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында төрағаның, сот алқасы төрағасының және судьяның өкілеттігін тоқтату негіздерінің қатарында судьяның орнынан түсуі көзделген (34-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы). Бұл ретте мiнсiз беделi, кемiнде жиырма жыл судьялық жұмыс өтiлi бар судьяның судья атағын, судьялар қоғамдастығына жататынын, жеке басына тиiспеушiлiк кепiлдiгiн және өзге де материалдық және әлеуметтiк кепiлдiктерiн сақтай отырып, лауазымынан құрметпен кету нысанында судья өкiлеттiктерінің тоқтатылуы отставка болып табылады (35-баптың 1-тармағы).

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мемлекеттік қызмет отставкаға шыққан жағдайда тоқтатылуы мүмкін. Бұл Заңда мемлекеттiк саяси қызметшiнiң жазбаша өтініші негiзiнде жүзеге асырылатын оның тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы отставка деп түсініледі (60-баптың 1-тармағы).

      Конституциялық Кеңестің пікірі бойынша, Конституцияда және заңдарда мемлекеттік органдардың не лауазымды тұлғалардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесін, рәсімдері мен құқықтық салдарын бекіту олардың мақсатына, функцияларына, өкілеттіктеріне және қызметін ұйымдастыруға байланысты болады. Ол мемлекеттік-билік субъектісіне оның тиісінше емес қызметі үшін конституциялық-құқықтық санкция ретінде қолданылуы мүмкін, не жауапкершілікке тартумен тікелей байланысы жоқ, тіпті бұл өз өкілеттігін тоқтатқан жария билік иесінің еңбегін құрметтеудің нысаны болуы ықтимал.

      3. Мемлекет басшыларының отставкаға шығу институты, оның негіздері, жүзеге асырылу тәртібі, заңдық салдары және одан әрі қолданылатын рәсімдер бірқатар шет елдердің конституцияларында әртүрлі көлемде қарастырылады. Ұлттық ерекшеліктерді негізге ала отырып, бір жағдайларда президенттің отставкаға шығу туралы өтінішінің парламент арқылы қаралуы, оны депутаттық корпустың талқылауы мен шешім қабылдауы көзделсе, басқа жағдайларда мемлекет басшысының мәлімдемесін халыққа жария ету жеткілікті. Мемлекеттік органдардың кейінгі іс-қимылдары да әртүрлі болып келеді.

      Конституциялық Кеңес 42-баптың 3-тармағының мазмұнын Республика Конституциясының 47 және 48-баптарының нормаларымен және басқа да ережелерімен ажыратпай бірге ғылыми-практикалық талдаудан өткізіп, сондай-ақ Қазақстанның Негізгі Заңының дәйекті түрде реформалану үрдісін және шетелдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясында қабылданған Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату институтын бекітудің тәсілі (тежемелік әрі тепе-теңдік тетігі шеңберінде және жеке ерік білдіруіне байланысты) Республика Президентінің отставкаға шығу құқығын пайдалануын қоса алғанда, Конституцияның 42-бабының 3-тармағында көзделген кез келген негіз туындаған жағдайда жоғарғы биліктің тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп пайымдайды.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық емес.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркін білдіруіне сәйкес өкілеттігін тоқтату құқығы туындайды. Ол Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес, нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы
Қ.Ә. Мәми