Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу қағидаларын бекіту туралы

Актінің түрі
Қаулы
Қағида
Қабылдау күні
09.09.2019
Өзгерту күні
09.09.2019
Актіні қабылдаған орган
Қазақстан Республикасының Үкіметі (Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі)

      "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 22-1-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 9 қыркүйектегі
№ 668 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттің өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 22-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кәсіпкерлік субъектілері – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және тіркелген азаматтар, оралмандар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар;

      2) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері – кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің ортақ мүдделерін білдіру және қорғау мақсатында кәсіпкерлік субъектілері құратын қауымдастықтар (одақтар);

      3) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;

      4) құзыретті орган – ЕАЭО мүше мемлекеттің тергеп-тексеру жүргізуге жауапты мемлекеттік билік органы;

      5) мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының орталық атқарушы мемлекеттік органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

      6) өтемақы шарасы – осы шараны енгізуге өтініш берген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің экономика саласына Қазақстан Республикасының ерекше субсидиясының теріс әсер етуін бейтараптандыру бойынша шара;

      7) тергеп-тексеру – Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа № 28 қосымша болып табылатын Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы хаттама (бұдан әрі – Өнеркәсіптік субсидиялар туралы хаттама) шарттарының бұзуын және (немесе) Қазақстан Республикасының субсидияларынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің саласына залал келтіруді анықтау мақсатында құзыретті орган жүзеге асыратын рәсім;

      8) тергеп-тексеру материалдары – тергеп-тексеруге байланысты қабылданатын шешімдер туралы хабарламалар, құзыретті органның сауалнамалары (сұрау салулары), тергеп-тексеру нәтижелері бойынша дайындалған баяндама және тергеп-тексеру шеңберінде сұратылатын және (немесе) ұсынылатын басқа да ақпарат;

      9) уәкiлеттi орган – сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Қазақстан Республикасынан шығатын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өтемақы шарасын қолдануы алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасасу тәртібі

      3. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде қазақстандық тауарларға қатысты құзыретті орган жүргізетін тергеп-тексеру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, оның ішінде:

      1) мемлекеттік органдарды құзыретті органның қазақстандық тауарларға қатысты тергеп-тексеру жүргізуді бастағаны туралы хабардар етеді;

      2) құзыретті органнан тергеп-тексеру материалдарын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде тергеп-тексеру материалдарын мемлекеттік органдарға жібереді;

      3) саланың жай-күйіне, субсидиялардың бар болуы туралы ақпаратқа, мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің субсидиялардың бар болуы туралы ақпаратына, олардың тергеп-тексеруге бастамашылық еткен Қазақстан Республикасының және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің саласына ықтимал әсер етуін бағалайтын Өнеркәсіптік субсидиялар туралы хаттаманың нормаларына сәйкестігіне және тергеп-тексерудің өзге де материалдарына талдау жүргізеді;

      4) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандық тараптың шоғырландырылған ұстанымын (түсініктемелерін, дәлелдерін) және құзыретті органның сауалнамаларына жауаптарды қалыптастырады;

      5) Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының қарауына Қазақстан Республикасының түпкілікті ұстанымын әзірлеу үшін уәкілетті орган қалыптастырған шоғырландырылған ұстаным бойынша мемлекеттік органдардың қағидаттық келіспеушіліктері болған жағдайда, тергеп-тексеру материалдарын шығарады;

      6) құзыретті органға ресми ұсыныстарды және (немесе) сұрау салуларды сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган арқылы жібереді;

      7) тергеп-тексеру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен консультациялар мен кеңестер өткізеді;

      8) мемлекеттік органдар өкілдерінің құзыретті орган жүргізетін тексеру сапарына қатысуын және сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган арқылы ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты құзыретті органға ұсынуды ұйымдастырады;

      9) жүргізілетін тергеп-тексеру шеңберінде консультацияларға, кездесулерге, келіссөздерге және жария тыңдауларға қатысады;

      10) сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган арқылы жүргізілетін тергеп-тексеру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен шет мемлекеттердің, шет мемлекеттер одақтарының өкілдерімен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыру кезінде:

      1) тергеп-тексеру жүргізу мәселелері бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау мақсатында мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес деңгейдегі жауапты лауазымды тұлғаны айқындайды;

      2) өз құзыреті шегінде уәкілетті органнан келіп түскен тергеп-тексеру материалдарын, егер сұрау салуда өзге мерзім көрсетілмесе, онда оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды, ақпараттың, қалыптастырылған ұстанымның, сауалнамаға жауаптардың, статистикалық деректердің және өзге де ақпараттың, оның ішінде құпия (таратылуы шектелген) ақпараттың және құзыретті орган жүргізетін тергеп-тексеру бойынша қазақстандық ұстанымды қалыптастыру үшін қажетті өзге де ақпараттың берілуін қамтамасыз етеді;

      3) қажет болған жағдайда уәкілетті органның сұрау салуы бойынша тергеп-тексеру мәселелері жөніндегі тергеп-тексерулерге, тыңдауларға, консультацияларға, кеңестерге, құзыретті орган жүргізетін тексеру сапарларына қатысады;

      4) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша өз құзыреті шегінде тергеп-тексеруге жататын мәселелер жөніндегі өзге де қызметті жүзеге асырады.

      5. Егер осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген сұратылатын ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жататын болса, мұндай ақпаратты мемлекеттік органдар уәкілетті органға бірінші басшының ақпаратты құзыретті органға толық немесе ішінара беруге келісімін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.

      6. Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері:

      1) құзыретті органдардан алынған тергеп-тексеру материалдарын, жұмыс тәртібімен алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ресми тәртіппен 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне уақтылы жіберуді;

      2) материалдарды уәкілетті органнан құзыретті органға уәкілетті орган көрсеткен мерзімде уақтылы беруді қамтамасыз етеді.

      7. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі:

      1) құзыретті органнан дипломатиялық арналар арқылы алынған тергеп-тексеру материалдарын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жіберуді;

      2) уәкілетті орган көрсеткен мерзімде уәкілетті органның тиісті ресми ұстанымын құзыретті органның атына дипломатиялық арналар арқылы жіберуді қамтамасыз етеді.

      8. Уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектілерінің, кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тергеп-тексеру мәселелерін көрсетілген ұйымдарға қарау және сұратылған ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты (оны құзыретті органға беруге келісімімен) ұсыну үшін уәкілетті орган көрсеткен мерзімде жібереді.

      9. Құзыретті органнан тергеп-тексеру материалдары Қазақстан Республикасының Үкіметіне келіп түскен жағдайда, көрсетілген материалдарды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі оларды жүргізу салаларына сәйкес уәкілетті органға мемлекеттік органдарға келіп түскен күннен бастап Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта белгіленген мерзімде жібереді.

      Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес тергеп-тексеру материалдарын алған кезде өз құзыреті шегінде осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

3-тарау. Өтемақы шарасын қолдану алдында тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда, уәкілетті органның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің құзыретті органымен өзара іс-қимылы

      10. Уәкілетті орган түпкілікті ұстанымды, сауалнамаға жауаптарды және құзыретті органның сұрау салуларын қалыптастырады. Көрсетілген ақпарат, оның ішінде құпия (таратылуы шектелген) ақпарат құзыретті органға ЕАЭО органдарының жұмыс тілінде дипломатиялық арналар бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен беріледі.

      11. Уәкілетті органның құзыретті орган сұратқан ақпаратты беруі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, бұл ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға немесе өзге де қорғалатын құпияға жатқызылған мәліметтерді қамтымаған жағдайда беріледі.

      12. Егер мемлекеттік органдардан алынған құзыретті орган сұрататын ақпарат таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жататын болса, мұндай ақпаратты уәкілетті орган құзыретті органның атына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Құпия" деген белгімен береді.