Прокуратура органдарына шағым беру

 қағазға жазып отырған адам

Егер сіз прокуратураға шағым жазатын болсаңыз және оны қандай нысанда жазу керектігін білмесеңіз, бұл пайдалы ақпарат прокуратура органдарына жазылатын шағымыңызды немесе өтінішті  еш қиындықсыз қалай жазу керектігіне жауап табуға көмектеседі. Прокуратураға шағым еркін нысанда жазылады. Дегенмен  іскери хат алмасулардың жалпыға ортақ қағидаларын сақтап, қажетті деректерді көрсету керек. Шағым жазбаша түрде мемлекеттік тілде, ұлтаралық қатынас тілінде, ана тілінде немесе азаматтар меңгерген кез келген басқа да тілде қабылданады.

Шағым жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда беріледі.

Шағымда мынадай ақпаратты көрсету қажет (ӘРПК 93-бабы):

  • шағымды қарайтын органның атауы;
  • жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
  • жеке тұлғаның нақты тұратын және заңды тұлғаның орналасқан жерінің мекенжайы;
  • әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
  • әкімшілік рәсімге қатысушы өз талаптарын және дәлелдерін негіздейтін мән-жайлар;
  • шағым беру күні;
  • әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;
  • шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.

Шағым беру мерзімі (ӘРПК 92-бабы).

  1. Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
  2. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген жағдайда, бұл мерзімді әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша шағымды қарайтын орган қалпына келтіруі мүмкін.

Шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында шағымды қарайтын орган ауруды, еңсерілмейтін күштің мән-жайларын және адамды шағым беру мүмкіндігінен айыратын өзге де себептерді дәлелді себептер ретінде таниды.

  1. Шағым жасау үшін өткізіп алынған мерзім шағымды қарайтын органның шағымды қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздердің бірі болып табылуы мүмкін.

Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері (ӘҚБтК 100-бабы)

  1. Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады: 
  • әкімшілік актінің күшін жою туралы;
  • әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;
  • әкімшілік әрекетті жасау туралы;
  • шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
  • әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;
  • шағымды қараусыз қалдыру туралы.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.

  1. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.
  2. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды

Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі (ӘҚК 91-бабы).

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

Cоңғы өзгеріс: 24.12.2021