Қазақстанда жұмысқа орналасу
Ерте мe кеш пе барлық адам жұмысқа орналасу проблемасына тап келетіні рас. Біреулер үшін жұмыс іздеу – қалыпты және үйреншікті жағдай болса, біреулерге бұл тосын әрі бұрын бастан кешірмеген жайт болуы мүмкін. Бұл мақала еріктен тыс жұмыс іздеушілерге арналған.
Бұл бөлімнен сіз түйіндемені толтыру ретін, жұмыс берушімен әңгімелесу кезінде өзіңізді қалай ұстау керектігі және жұмыс іздеу кезіндегі басты қателіктер туралы білетін боласыз. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ және жасы 40 шамасындағы ізденушілердің жұмыс іздеуі сияқты өзекті тақырып талқыланған. Сол сияқты, осы мақалада еңбек қатынастарын бекіту және бұзу туралы және еңбек қызметіне қатысты заңдар жөнінде ақпарат бар.
Неден бастау керек? Мақсат қою
Өзіңіздің қалауыңыздағы және жоғары жалақы төлейтін жұмысты табу – өте күрделі шаруа, сондықтан оған бар жауаптылықпен қарау керек.
- басынан бастап сіздің қай салада жұмыс істейтіңізді, өзіңізді не қызықтыратынын жақсылап ойлап алыңыз;
- егер мұндай салалар тым көп болса, онда бұл тізімді сәл қысқартыңыз. Ешқашан қызмет түрі жұмыс іздеу барысында анықталады деп ойламаңыз, әйтпесе өзіңізді де, әлеуетті жұмыс берушілерді де шатастырасыз;
- кадрлық агенттіктерге түйіндемеңізді таратыңыз.
- жұмыс жөнінде хабарландыруларды жариялайтын газеттерді сатып алып, вакансиялармен танысыңыз.
Жұмыс іздеу кезіндегі 5 басты қателік
Кез келген тығырақтан шығуды қалаған кезде әйтеуір бір амалы табылады, бірақ алдымен адамдар жұмыс іздеу кезінде көп жіберетін қателіктерге тоқталайық.
№ 1 қателік.Дәлелсіз қорқыныш пен сенімсіздік. Бұл мәселе көбінесе оқу орнын алғашқы рет бітірген тұлғаларды жұмысты іздеу кезінде жиі мазалайды. Бұл жағдайда түлектерді мынадай сұрақтар алаңдатады: егер жұмыс беруші мені жұмысқа қабылдаудан бас тартса, не болады? Әңгемелесу кезінде өзімді қалай ұстауым керекпін? Мүмкін бұл мәселені кейінге қалдыру керек шығар? Мұндай шарасыздық психологиялық кедергілердің пайда болуына әкеледі. Одан шығар жол тек біреу – оны жеңіп, өз күшіңе сену. Ол үшін іштей ойды нақтылап, бастапқы нүктесін белгілеу керек. Мысалы: мен мұны істей аламын, онда тұрған еш қиындық жоқ, ең бастысы, бастасам - бәрі менің қолымда. Жұмыс берушіге нық сеніммен, қисынсыз сәтсіздіктен арылып бару қажет. Сенімділік, жұмысқа орналасуға тырысу басты бағдар мен басымдылық болмақ.
№ 2 қателік. Дұрыс толтырылмаған түйіндеме. Түйіндеме – үміткердің жарнамасы іспеттес, еңбек жолындағы фактілерді көрсететін, жеке және байланыс деректері бар құжат. Түйіндеменің мақсаты – жұмыс берушінің қызығушылығын арттыру, оның үміткермен жеке кездесуге деген қалауын арттыру. Түйіндемені қарауға жұмыс беруші көп уақыт жұмсамайды. Алайда бір түйіндемеге 2-3 минуттай уақыт кетері рас. Енді жұмыс берушінің сіздің түйіндемеңізді алып, ашып, бірінші жолынан бастап, қаптаған қателіктерге ұрынып, толтыру кезіндегі кемшіліктерді байқағанын елестетіп көріңіз. Ол не істейді? Әрине, мұндай түйіндеменің қоқыс жәшігіне кетері сөзсіз. Түйіндемені жазу бес минуттық жұмыс болмауға тиіс. Түйіндемені толтырудың стандартты ережелері сақталып, оны рәсімдеуге сәйкес бірнеше рет тексеріліп, түзетіледі.
№ 3 қателік.Сіз жұмыс берушіні кәсіпорынға қажетті маман ретінде қызықтыра алмадыңыз. Бұл қателік, негізінен, бетпе-бет тілдесу кезінде кездеседі. Ол шамамен мынадай жағдайда орын алады: жұмыс іздеуші үміткермен кездесуге келіскен уақытта белгіленген орынға "бос қол" келеді және әңгімелесу кезінде бастықтың жұмсақтығын пайдаланып, бірден жұмысқа алуды көздейді. Әңгімелесуді бұлай елестететін үміткер ыңғайсыз жағдайға тап болады, себебі оны жұмысқа алмай қояды. Есіңізде болсын, әңгімелесу – бұл зор мүмкіндік, оны жіберіп алмаңыз. Өзіңіз, жетістіктеріңіз туралы айтып беріңіз, оны барынша көндіруге тырысыңыз, керек болса, білім туралы және қосымша курстардан өткені туралы басқа да құжаттарыңызды көрсетіңіз. Ең бастысы, өзіңізді жақсы жағынан көрсете білу, жұмыс берушіні қызықтыру. Жұмыс берушімен әңгімелесуге алдын ала дайындалу қажет.
№ 4 қателік. Әңгімелесуге кешігіп келу. Болмашы ғана қателік, бірақ кейбір жағдайда кешірілмейтін ағаттық болып есептеледі. Жұмыс беруші ұқыпты, еңбек тәртібін бұзбайтын маманды алғысы келеді. Кешігу сізді жаман жақтан сипаттайды. Мұны да есте сақтау керек. Сонымен қатар, жұмыс беруші өзінің жұмыс уақытын алдын ала белгілеп, әңгімелесуге бірден бірнеше адамды шақыруы мүмкін. Сіз кешіккеннен кейін, өзге үміткерлер күтуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда әңгімелесудің уақыты басқа күнге ауыстырылуы мүмкін немесе сізді жұмысқа алмай қояды.
№ 5 қателік. Этикет ережелерін өрескел бұзу және жаман мінез таныту. Әңгімелесу жұмысшы мен үміткердің іскерлік қарым-қатынасын білдіреді. Бір тарап жұмыс жөнінде ұсыныс жасаса, екіншісі сол тарапқа өзінің қажеттілігін дәлелдеуге тиіс. Мұндай жағдайда қалай болса солай киіну, дөрекі сөйлеудің, арсыздық пен алдаудың қажеті жоқ.
Мысалы: Әңгімелесуге ашық түсті футболка, шолақ шалбар, бейсболка киген (кірген кезде оны шешпейді) адам келді. Әңгімелесу кезінде бірнеше рет балағат сөздер айтып, сөздерінен өтірік сезіледі. Сіздің ойыңыз бойынша, жұмыс беруші мұндай адамды қабылдай ма? Әрине, жоқ. Мұндай қателіктер жұмыс іздеу кезінде жиі орын алады, олар жұмысшы мен үміткердің қарым-қатынасына бастапқыдан кедергі келтіреді. Егер көздеген мақсаттарыңызға жетем десеңіз, мұндай қателіктерге жол бермеу керек.
Жұмыс іздеу тәсілдері
Жұмысты бірнеше тәсілдермен іздеуге болады.
Бірінші тәсіл - хабарландыру (интернет, газеттер)
Бүгінгі күні нарықта жұмыс іздеу жөніндегі көптеген кәсіби басылымдар мен интернет-сайттар бар. Іздеу үдерісі біраз уақытқа созылуы мүмкін, бірақ бұл көптеген ізденушілердің жалғыз амалы болып табылады. Karierist.kz, headhunter.kz сайттары - қазақстандық мамандар арасында баршаға мәлім ақпарат көздері. Бұл сайттарда отандық және шетелдік компаниялар да ұсынылған. Мұндай сайттарды пайдалану өте оңай және жұмыс берушінің кадр таңдау мүмкіндігі де бар.
Екінші тәсіл – рекрутингтік агенттіктер
Рекрутингтік агенттіктердің қызметі іздеуден, бағалаудан және белгілі бір вакансияға маман таңдаудан тұрады. Кәсіби кеңесшілер қажетті жұмыс берушіні дұрыс таңдауға көмектеседі, әңгімелесу өткізеді, мүмкіндіктеріңізді бағалап, әрі қарай табысты мансап құруыңызға ықпал етеді.
Үшінші тәсіл – вакансиялар жәрмеңкесі
Бұл тәсіл өте тиімді болып табылады, себебі аталмыш шара мамандар үшін арнайы ұйымдастырылады. Яғни, жұмыс беруші өзіне қажетті маман іздеуде. Жұмыс берушінің өкілімен бетпе-бет танысуға болады, әңгімелесу кезінде олардың қай лауазымға маман қабылдайтынын, стажерлармен жұмыс істеу бағдарламасының бар екені жөнінде сұрауға болады. Мұндай шаралар барысында барынша белсенділік танытып, жұмыс беруші туралы көбірек ақпарат алу қажет. Тіпті, жұмыс беруші сіздің мамандығыңызға зәру болмаса да, болашақта осы мамандықты қарастыра алатыны, қарастыра алмайтыны жайлы ой түюге болады.
Әрқашан өзіңізбен бірге бірнеше түйіндемені алып жүріңіз. Бұл жұмыс берушіге жақсы әсер қалдыруы мүмкін. Егер анкета толтыру ұсынылған болса, онда оған түйіндемеңізді қоса тігіп, қосымша ақпаратты сол жерден алуға болатыны жөнінде анкетада атап көрсетіңіз (егер анкета түйіндеменің бар ақпаратын қамтитын болса, түйіндемені қосудың қажеті жоқ). Есіңізде болсын, егер Сіз түйіндемені қоса беру туралы шешім қабылдасаңыз, онда ол анкетадағы кейбір сұрақтарға жауап бермеуге де болады дегенді білдірмейді. Анкетадағы барлық жолдар мен бағандарды толтыру керек, мейлі олар түйіндемедегі ақпаратты қайталаса да.
Төртінші тәсіл – жұмыс берушіге тікелей бару
Жұмыс беруші туралы толығырақ ақпарат алуға және оған бару не бармау қажеттілігі жайлы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Өзіңізге қажетті жұмыс берушілерді, олардың байланыс деректерін, қосымша ақпарат көздерін анықтағаннан кейін, түйіндемені жіберіңіз. Хатыңыз неғұрлым дара және ерекше болса, мүмкіндіктер соғұрлым артады.
Бесінші тәсіл – достар, таныстар мен туыстар
Міндетті түрде жұмылдырылуға тиіс. Айналасындағыларға кәсіпорынды атай отырып, сол жерде қызмет ететін таныстарыңыз жоқ па? деген сұрақты қоя жүру қажет. Олардан анкетаңызды сол ұйымға бере жүруін, оларға жас маман қажет пе жоқ па деген сұрақтарға жауап алып беруін, мүмкін болса қажетті бөлімше басшысымен немесе кадрлар қызметкерімен кездесу ұйымдастырып беруін өтініңіз. Егер Сізге қандай да бір мүмкіндіктің барлығы жөнінде айтар болса, сол мәселені жиі есіне салып, мәселенің мән-жайын біліп отырыңыз.
Тәжірибесі жоқ жұмыс іздеушілердің жұмысқа орналасу ерекшеліктері
Жас мамандардың жұмысқа орналасу ерекшеліктерін талқылайық..
Мұндай адамдардың еңбек тәжірибесі жоқ немесе ол тым аз болады. Ол бар болғаны тәжірибеден немесе еңбек сынағынан өту уақытымен шектеледі. Бұл, әрине, жұмыс табу үшін жеткіліксіз, бірақ жұмыс берушіге өзіңізді жақсы жағынан көрсетуге және сондықтан осы теріс фактордан құтылуға мүмкіндік береді.
Ең алдымен айта кетерлік, мұндай кандидаттың алған білімі қалаған жұмысты іздеуге және табуға панацея болып табылмайды. Білім – тек белгілі бір білім мен дағдылардың көрсеткіші. Бұл тек еңбек нарығына өту рұқсатнамасы. Сондықтан өз біліміңізге көп үміт арттырмаңыз.
Екіншіден, Сіз жас маман ретінде кең бейінді қызметкер болып табыласыз. Әртүрлі салаларда бағыңызды сынаңыз. Мәселен, маркетинг факультетінің түлегі тек маркетолог ретінде ғана емес, сату менеджері, экономист және т.б. жұмыс істей алады. Сондықтан жақсы кәсіп табуға мүмкіндігіңіз мол. Тек бірнеше ерекшелікті есепке алған жөн.
Түйіндеме даярлау кезінде міндетті түрде өтініш беру мақсатыңызды, қандай қызметке ниет білдіретініңізді көрсетіңіз. Бұл жұмыс берушінің сізге қандай орынның қажеттігі жайлы ойланып толғануына жол бермейді. Әрине, мақсат біреу болуға тиіс. Өзге позицияларға басқа түйіндеме толтыру қажет. Сәйкесінше, барлық түйіндеме мақсатқа негізделіп толтырылуы тиіс. Сондықтан білім, жеке қасиетіңіз, қабілет мен машықтар туралы бөлімдерге таңдауыңыздағы қызмет түріне сай келетін мәліметтерді жазыңыз.
Егер уақытша жұмыс істеген жерлеріңіз болса, сондай-ақ егер ол жұмыс өтінімдегі орынға сай келетін болса оны да көрсету керек. Кейбір кеңесшілер бүкіл жұмыс өтілін көрсетуді ұсынады. Тек қабілетіңіз бен машықтарыңызды, тәжірибе мен жетістіктеріңізді көрсетіңіз. Дегенмен, тізбектеуден аулақ болыңыз.
Әңгімелесуден өткен кезде міндетті түрде үш маңызды факторды есте ұстаған жөн.
Болмаған жайтты ойдан шығарудың қажеті жоқ. Көптеген жұмыс іздеушілер тексеруге мүмкін болмастай, бұрынғы атқарған маңызсыз қызметтерін айтады. Күндердің күнінде шыңдықтың беті ашылады және сізге теріс әсер етуі мүмкін.
Мұндай үміткермен ұзақ әңгімелесудің де қажеті шамалы, себебі оның сөздерінен істеген жұмысы жөнінде ештеме түсінбегені байқалып қалады. Ол сіздің жұмыс табу мүмкіндігіңізді жоюы мүмкін.
Одан да қолыңыздан не келетіні жөнінде әңгімелеңіз. Шындыққа жақын болыңыз. Сонда бәрі ойдағыдай орындалады!
Еңбек қарым-қатынастарын ресімдеу
Сонымен, сіз жұмысқа орналастыңыз!
Бірінші кезекте, жұмыс берушімен еңбек келісім-шарты жасалады. Еңбек келісім-шарты – жұмыс берушінің жұмысшыға нақты жұмыс беруге міндеттелетіні, еңбек жағдайымен қамтамасыз етіп, толық көлемде уақытында жалақы төлеуі туралы, ал жұмысшының сол қызметті тиісінше атқаруға және ұйымның ішкі еңбек тәртібі ережесін сақтауға міндеттелетіні туралы, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қағаз жүзіндегі келісім.
Еңбек келісім-шарты (ЕК) екі данада жасалып, олардың әрқайсысына екі тарап та қол қояды. Бір дана сізге, екіншісі жұмыс берушіде қалады.
Жұмыс еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар:
- жеке куәлік немесе паспорт (он алты жасқа жетпеген тұлғаның туу туралы куәлігі);
- тұруға ықтиярхат немесе азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі (Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдіктер);
- тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа орналасу үшін еңбек шартын жасасу кезінде білім, біліктілігі, арнайы білімдер мен кәсіптік дайындығының болуы туралы құжаттар;
- еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек өтілі бар тұлғалар үшін);
- алдын ала медициналық тексеруден өткені туралы құжат (Қазақстан Республикасы заңнамасына және қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес мұндай тексеруден өтуге міндетті тұлғалар);
- салық төлеушінің тіркеу нөмірі куәлігі мен әлеуметтік жеке код куәліктерінің көшірмелері.
Жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚР ЕК 32-бабының 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес Сіздің құқықтарыңыз:
- демалу құқығы (жұмыс күні ағымында үзілісте, демалыс және мейрам күндері);
- ұзақтығы 24 күнтізбелік күннен аз емес жыл сайынғы төленетін еңбек демалысына;
- жүктілік пен босануға байланысты төленетін демалыс, еңбекақысы сақталмайтын бала күтіміне байланысты 3 жылға дейінгі демалыс;
- уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы (ауырған жағдайда);
- еңбек келісім-шарты бұзу құқығы, бұл жөнінде жұмыс берушіге 1 ай бұрын хабарлау қажет;
- қызметкерлер саны немесе штатты қысқарту кезінде өтемақы төлемін алу құқығы.
Еңбек қарым-қатынастарын бұзу
Егер Сіз қандай да бір себеп бойынша жұмыстан шығуды ұйғарсаңыз, Сіз өз құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз туралы білуіңіз қажет. Еңбек шарты – мәміле болғандықтан, еңбек қатынастарын бұзу ҚР заңнамасында сипатталады. Еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша, жұмыс берушінің немесе қызметкердің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға тілек білдіруші еңбек шартының бір тарапы екінші тарапына хабарлама жібереді. Хабарлама алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті.
Бұл жағдайда, еңбек шартын тараптардың келісімі бойынша бұзуға ниет білдірген, еңбек шартының бір тарапы еңбек шартының екінші тарапына хабарлама жібереді. Хабарламаны алған тарап үш жұмыс күні ішінде екінші тарапқа қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда хабарлауға міндетті. Еңбек шартында жұмыскермен келісім бойынша жұмыс берушінің осы талаптарды сақтамай, өтемақы төлемін алумен еңбек шартын бұзу құқығы көзделуі мүмкін, оның мөлшері еңбек шартында айқындалады. Жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күні жұмыскердің еңбек кітапшасын немесе оның еңбек қызметін растайтын өзге құжатты беруге міндетті.
Жұмыс беруші жұмыскердің (оның ішінде бұрынғы жұмыскердің) талап етуі бойынша, өтінішпен жүгінген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде мамандығы (біліктілігі, лауазымы), жұмыс істеген уақыты және жалақы мөлшері көрсетілген анықтаманы, жұмыскердің біліктілігі және оның жұмысқа көзқарасы туралы мәліметтерді қамтитын мінездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Кодексте көзделген басқа да құжаттарды беруге міндетті.
Жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған, банкроттыққа ұшыраған, жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан кезде жұмыс беруші жұмыскердің алдында берешегі болса, жалақы және өзге де төлемдер бойынша қалыптасқан берешектің мөлшері туралы тиісті түрде ресімделген анықтаманы беруге міндетті.
Cоңғы өзгеріс: 03.12.2020